Еліміздегі төтенше жағдай кезінде оқушыларымызды қашықтықтан оқыту жүйесінде тек білім ғана беріп қоймай, сонымен қатар балаларымыздың уақытын тиімді пайдалану, әрі баланы спортқа баулу, жастар арасында қылмыстың алдын алу үшін олардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын ұстануға бағыт беру жоспарланған. Осы аталған жоспарға сәйкес Шымкент қаласы № 75 мектеп-гимназиясының 5 "Ә" сыныбымен өткен онлайн кездесуге Шымкент қаласының футболшысы 2013 жылы "Ордабасы жастар құрамасы", 2014 жылы Астананың "Бәйтерек" командасы, 2015-2017 жылдары Шымкенттік "Қыран" командасы, ал 2018 жылдан бастап қазіргі таңда "Ордабасы" футбол командасының жартылай қорғаушысы Шәмші Самат Бақытұлы мен кикбоксингтен 2018 жылғы Әлем кубогінің иегері, 2019 ж Қазақстан Республикасының чемпионы, Ресейде, Қырғыстанда өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы, "спорт шебері", Сейден Ұлпан Мухитдинқызы онлайн кездесудің қонағы болды. Олар қазақ елінің мерейін әлемге шарықтатып жүрген спорт майталмандары, қазіргі таңда биік мақсаттарға қалай қол жеткізіп, спорт саласындағы ерекше жеңістері туралы әңгімелеп, жас буынға ерекше әсер сыйлаған сырлы онлайн сұхбат болды. Әр спортшы өз салаларындағы жетістіктеріне жету жолын айтып өтті. Қос спортшының да сұхбатынан кез-келген жетістік алдыға қойған айқын мақсат, жетістікке деген сенім,ерінбей еткен еңбек , тынымсыз жаттығумен келетінін ұқтық. Еліміздің спорт саңлақтарының жетістіктері оқушыларымыздың қызығушылықтарын арттыра түсті. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, онлайн кездесуге келген спортшыларымыз оқушылардың , кездесудің ұйымдастырушысы 5 «Ә» сыныбының жетекшісі Гүлжаухар Ыбырайқызының көптеген сұрақтарына жауап берді. Самат Шәмші сөз соңында «Елге адал қызмет ету – отанды шынайы сүюдің дәлелі. Жастар жастайынан спортпен айналысса ұтары көп. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы яғни, спортпен айналысуға жұмсауы тиіс. Сонда ұсақ түйек қылмысқа бармайды. Спорттың пайдасы орасан»- деп айта кетті. Ал Ұлпан Мұхитдинқызы «Қай салада болмасын қызметіңмен елдің абыройы үшін еңбек етудің соңы нәтижесіз қалмайтыны анық», - деп, ізгі ниетін жеткізді. Дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуіміз үшін рухани бай, деніміз сау болу керек екендігі айтылды. Онлайн кездесудің соңында спортшыларға мектеп ұжымы атынан алғыс айтып, Әлем алдында Қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын асқақтатар жеңісті күндеріңіз көп болсын деген тілектермен аяқталды.